Жетируов Жанабек
SelfBrandBook
Жетіруов Жаңабек. Аққыз-қазақтың жан дүниесңн ашатын кілт. Бір көргеннен ғашық болдым...
1958 жылдың қоңыр күзінде Қызылорда облысы Қазалы ауданы Байқожа станциясында темір жолшы Жетіруовтың отбасында шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Ақсақалдар азан шақырып оның есімін Жаңабек деп қойған екен. Ауылдың шаң-топырағына аунап ер жеткен Жаңабек әдебиетті жанындай жақсы көріп, болашақта ақын, жазушы болуды армандады. Ал бүгінде ол, 40-тан астам деректі фильмдер мен кино сүйер қауымның жоғарғы бағасына ие болған «Дүние жарық» көркем фильмінің режиссері – Жаңабек Жетіруов.
- Жаңабек, кино әлеміне қалай келдіңіз?
- Біздің ауыл темір жолдың бойында орналасқан. Мейрамдарда вагонмен кино келетін. Біз үшін бұл үлкен қуаныш болатын. Күндердің күнінде «Мосфильм» киностудиясы шығарған «Жас жұбайлардың бастан кешкендері» атты фильм біздің ауылға жетті. Сол бір кино менің жан дүниеме ерекше әсер етті. Таң атқанша көз ілмедім. Мектепке бармаған кішкентай баламын. Фильмде екі ғашық біресе айырылысып, бірде қосылады. Сол кезде кеудемізге дән болып себілген шығар деп ойлаймын. Бәрі де сол бала кезден қалыптасады емес пе. Бірақ «режессураның» не екенін ол кезде әрине, білген жоқпын. Өйткені бала кезімде әдебиетші, мұғалім, ақын болуды армандадым. Өте көп әдебиетті, соның ішінде классиканың бәрін оқыдым. Осылайша Алматыға келіп 5 жыл қатарынан КазГУ-дың «филфагына» түстім. Жыл да келемін - құлап қаламын. Бесінші жылы түспей қалғанымда, ағайын-туысқандардан, ата анамнан ұялып, оларға «оқуға түстім» дедім. Өйткені олар маған «несіне барасын оқуға, бәрібір құлап қаласың» дейтін. Сөйтіп, ауылдағыларды алдап, Алматыдағы Киров атындағы заводқа жұмысқа орналастым. Күндердің күнінде ауылға қайту керек болды. Алматыдан Мәскеуге қатынайтын поездға отырып ауылға бет алдым. Сол поезда ВГИК-та оқитын Наташа деген қыз кетіп бара жатты. Екеуіміз жол бойы әңгімелесіп келдік. Ол маған сценариін көрсетті. Таң ертең оянғанымда сол қызға ғашық екенімді түсіндім. Тіпті, соңынан еріп Мәскеуге кетіп қала жаздадым. Бірақ ауылда ағайын-туысқан күтіп отырғандықтан, станциядан түсіп қалдым. Алматыға оралған соң кино саласындағы барлық мекемелердің есігін тоздырдым. Ендігі арманым - кино арқылы, сол поездағы орыс қызбен кездесу болды.
80-ші жылдардың басында «Қазақфильм» киностудиясына келіп, кешкі курстарға қатыстым. Ол кездері Сатыбалды Нарымбетов, Сергей Зальцев сабақ беретін. Осылайша режессураға дайындалып жүрдім. Орысшам дұрыс болмаған соң, Мәскеуге барып оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. Сөйтіп жүргенде, ақыры КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түстім. Университет қабырғасында оқып жүріп, кино туралы көптеген әдебиет оқыдым. Негізгі мақсатым - Мәскеудегі жоғарғы курсқа оқуға түсу болды. Университетті бітірген соң екі жылға жұмысқа жіберді. Мектепте қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен сабақ бердім. «Қазақфильмге» де келіп жүріп, режиссердың көмекшісі болып қызмет атқарып жүрдім. Кеңес үкіметінің құлауының қарсаңында Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлар дайындайтын жоғарғы курсқа іріктеу басталды. Бес адам оқуға түстік. Төртеуіміз бітіріп шықтық, кинода Сергей Дварцевой екеуіміз ғана қалдық. Янит Абрамович Гуреевич пен Самарин Маркович Зеликин деген ұстаздарымыздың шеберханасынан өттік. Мәскеуде оқып жүргенімізде, бізге «Сендердің оқып жатқандарың ешкімге де керегі жоқ мамандық» деп жиі айтатын. Оқуды бітіргеннен кейін «Қазақфильмге» оралдым. Ол кездері киностудия қиын кезеңді бастан кешірген болатын. Әйтеуір, пленкаға бір-екі фильм түсіріп үлгердік. Бірі Абай туралы «Тел-қара», екіншісі қазақтың музыкасы жайында «Минус РЕ» деген деректі фильмдер болатын. «Минус РЕ» фильмі шыққан кезде осындағы еврейлер мен орыстар «ұлтшылсың» деп, маған қарсы шықты. Себебі бұл фильмде қазақтың ұлттық музыкасы көрсетілген. Кезінде қазақтың музыкасының өзіндік бұрауы болған. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін домбыраның бұрауын скрипка мен балалайканың бұрауына ауыстырып жіберген ғой. Сөйтіп қазақтың кейбір тамаша күйлері өз бұрауында ойналмай қалды. Ойналғанның өзінде біраз өзертіліп қалды. Кейін Абай, Махамбет, Кенесары, Жәңгір хан сияқты ұлы тұлғалар туралы және басқа да тақырыпта көптеген деректі фильмдер түсірдім.
- Шынымен де, сіз режиссер-документалист ретінде көп еңбек еттіңіз. Кейінгі кезде көркем фильмдерге көңіл бөліп жүрсіз. Деректі фильмдерден шаршағаныңыз ба?
- Өзіңнің жақсы көретін ісіңнен қалай шаршайсың? Осы жылдар ішінде 40-тан астам деректі фильмдер түсірдім, құдайға шүкір, барлығы да сүрінбей өтіп, жұрттың көңілінен шығып жатыр. Деректі фильмді түсіру барысында жинаған тәжірбием маған көркем фильм түсіруге көмек берді. «Записки путевого обходчика» фильмін төрт адам жүріп түсірдік. Бүкіл қызметті өзімнің мойныма алдым: продюсер, режиссер, сценарий авторы, екінші режиссер сияқты басқа да қызметтерді атқардым. 26 минуттық қысқаметражды фильм түсіру керек болатын, ал мен 1 сағаттық толықметражды фильм түсірдім. Балалық шағыма жасаған саяхатым болды. Темір жолда әкем де, өзім де жұмыс істедік. Көптеген адамдармен тілдесіп, көп нәрсені бақыладым. Осының нәтижесінде, тәжірбиемнің арқасында үлкен дүние шықты. Бұл көркем фильмде –қазақтың мінезі мен болмысы, ұлтымыздың менталитеті мен кеңдігі суреттелген. Темір жол елдерді жалғастырып жатқан көпір емес пе. Сол көпірдің жақсы жұмыс істеп тұруы фильмнің басты кейіпкері - шалға байланысты. Көптеген халықтарды құтқарып қалды. Шешендер, немістер, орыстар, кәрістер мен ұйғырлар Қазақстанға келіп қоныстанып, пана тапқан. Оларға нан беріп ауыздарына су тамызған - қазақтар. Сондықтан да бұл фильм көптеген елдерде қаншама жүлделерге ие болды. Америкадағы Турин қалсындағы қазылар алқасының құрамында болған Петр Кеух деген азамат, фильм туралы «Казахстанский ответ Борату» атты мақала жазды.
- Ал енді халық назарына «Аққыз» атты көркем фильмді ұсынып отырсыз. Бұл қандай жанрдағы фильм?
- «Аққыз» аңызға негізделген нағыз ұлттық шығарма. Қазақтың неден пайда болғаны туралы өзіндік мифологиялық көзқарасы бар туынды. «Қазақ» деген атудың өзі «қаз ақ» немесе «ақ қаз» деген сөздерден пайда болған. Ел аузында адамзаттың аққудан жаратылды деген аңыз-әңгіме бар. Алла тағала жерді жаратпай тұрып, аққуды жаратқан. Қойнына екі жұмыртқаны қысып алған аққу ұшып келіп, теңіздің үстіне қонады. Өзінің жүнінен ұя жасап жұмыртқасын сол жерге басады екен. Бір жұмыртқасы су астына түсіп кетіп, су астындағы тіршілік пайда болды, ал екіншісінен жер және тіршілік пайда болды деген аңыз бар. Бұл бүкіл адамзат мойындайтын аңыз. Жалпы, аққу қасиетті құс қой, оны атуға болмайтынын және қашан да тек жұптасып жүретінін бәріміз де жақсы білеміз. Осы аңыз ойымда көп жүрді. Киноға қалай салсам екен деп жүргенімде, ойыма кішкентай қыздың образы келді, кейін оның ағасы мен анасы сияқты кейіпкерлер де пайда болды. Бұл сценариді мен ең алғаш Сергей Азимовқа ұсынған болатынмын, ол «оны түсіре алмайсың, одан кино шықпайды» деді. Сценарийді Швецарияның Фрейбург қаласында өткен сценарилер байқауына алып бардым. Француздар қызығушылық танытып, «қаржыландыра аламыз, 120 мың доллар бере аламыз» деді. 2008 жылы мені Канн фестиваліне продюсерлермен кездесуге шақырды. Оларға ұсынып едім, Қазақфильмнің қолдауы керек деді. Ал киностудияның сол кездегі басшылығы жобаны қолдаудан бас тартты. Кейін басшы болып Ермек Әмірханұлы келді. Сол кісіге көрсетіп едім, «жақсы» деді. Осылайша фильмді түсіруді жалғастырдым. «Қазақфильм» қаражат бөліп қолдау көрсетті, пост-продакшн жасауға көмектесті.
Бұл фильм қазақтың жан дүниесін ашатын кілт сияқты. Мысалы, қазақта есімдері аңызға айналған қаншама ұлы тұлғалар болған: Қорқыт ата, Асан Қайғы, билер: Қарлығаш би, Бала би, Қазыбек би тсс. Фильмде осының бәрін дәлелдейтін бір эпизод бар. Аңызға айналған қазақтың үш ұлы тұлғаларының бейнесі көрсетіледі. Мысалы қызға ол түсінде келеді, аңшы - өмірде кезеседі, анасына баласымен қоштасар сәтте драмалық кейіпте келеді. Сондықтан да бұл фильмде қазақтың аңызы да, тарихы да , философиясы мен ауыз әдебиеті бар.
- Түсіру барысында қаражаттан басқа, қандай қиыншылықтарға тап болдыңыз?
- Алла жар болды. «Жыртық үйдің құдайы бар» дейді ғой. Ауа райы бәрі де қолайлы болды. Алғашында аққуды көп іздедік. Хайуанаттар бағына барып аққуды түсіре алмай жүрдік. Күндердің күнінде Қапшығай көлінің жағасында орналасқан түсірілім алаңында жалғыз аққу пайда болды. Біз ол құсты әбден түсіріп алдық. Ұша алмайтын құс шығар деп ойладық, үркітіп едік ұшып кетті. Осы сәтті түсіре алмағаныма ғана өкінемін.
Басты рөлге өзімнің Айжан есімді қызымды түсірдім. «Дүние жарық» фильмін түсірген кезде ол тым кішкентай болды. Сол кезде « сені екінші фильмімде түсірем» деп алдаған болатынмын. «Аққыздың» сценариін қызыма арнап жаздым. Балалар тез өседі смес пе. Егер 2009 жылы Айжанды түсірмегенімде, қазір түсіре алмас едім. Ағасының рөлін өзінің ағасы ойнады. Менің ойымша Арманнан басқа ешкім де ойнай алмайтын еді. Бұл жөнінде фильмді түсірген оператор да келісті. «Шеберліктің шегі жоқ» дейді ғой. Осы фильм арқылы өнердің не екенін, оның құдыретін енді түсіндім. Өнерде жүріп, басыңды басқа жаққа бұрудың болматйынын білдім. Кино деген өзі қыз секілді екен, сен оған ғашық болсаң, ол да саған шын ғашық болады. Ал көңіліңді сәл суытсаң болды, ол да саған қарамай кетеді.
- 4 жылда түсірілген «Аққыз» фильмінің ендігі тағдыры қандай болмақ? Қандай фестивальдерге қатысу жоспарда бар? Кинотеатрлардан көрсетіле ме?
- Фильмді түрлі фестивальдерге жіберіп жатырмын. Мысалы, Нью Йорк қаласында өтетін International Film Festival фестивальге жолдадық. Басында, уақыттың тығыздығынан өңдеуден өтпеген нұсқасын жіберген болатынбыз, кейіннен, іс-сапармен бара жатып, продюсеріме «жаңа нұсқасын жібер» дедім. Ол болса, басқа, Лас Вегас қаласында өтетін телевизиялық және көркем фильмдердің байқауына жолдапты. Бұл фестивальде 40 елдің 200-ге жуық қазылар алқасы фильмдерге баға береді екен. Енді міне, құдайдың бұйрығымен, бізге сол фестивальден шақыру билеті келді. Ол жерде «17 сәуірде сіз, осы жерде болуыңыз керек» делінген. Оны әрине уақыт көрсетер. Таллин, Локарно, Торонто қалаларында өтетін фестивальдерге, Франциядағы Азия елдерінің фильмдеріне арналған «ВУЗИ» фестиваліне жібердім. Бәрі де уақыттың еншісінде. Ал прокатқа шығаратын ақша жоқ. Мектептерде өткізілетін кездесулерге мені жиі шақырып тұрады. Ендігі мақсатым - сол мектептерде кездесулер ұйымдастырып, «Аққыз» фильмінің трейлерін көрсету арқылы көрермендерді экранға шақыру. Басқа жол жоқ. Жарнасмасына да ақша жоқ. Сөйтіп ел кезіп, Ақтау, Атырау, Семей мен Өскеменге барып көрсетсем деген ой бар. 20-40 копия жасап прокатқа шыға алмаймыз. Бұл авторлық фильм, халық жабылып барады деп ойламаймын.
- Ендігі жұмысыңыз қандай тақырыпта болады?
- «Желден де жүйрік» атты сценарий жаздым. Бұл да автобиографиялық фильм. Фильмнің негізіне өзімнің балалық шағымда көрген құбылыстар енді. Менің жеке өмірім туралы. Бірақ кейіпкері басқа. Сценарий қызық сияқты. Бір жылы балалармен жиналып аңға шықтық. Келе жатсақ, жазық даланың беті аппақ болып кеткен. Бұл не екен деп жақындап барып қарасақ, киіктер қырылып жатыр. Сөйтсек, ракета жарылған екен. Оны ешкім білмейді. Ал одан кейін киіктер неге құрып кетті? Қытайдан келіп мүйіз сатып алды. Шетінен атып қырды. Біз киіктердің еркегін ататынбыз. Мен өзім атқан емеспін, тек қызығып бірге ілесіп баратынмын. Ал киік атқан барлық құрдастарым бақилық болып кетті. Өйткені киіктің қарғысы жаман. Міне, бұл сценарийде осы проблема және әке мен бала арасындағы байланыс туралы сөз етіледі.
- Қызықты әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз. Сөз соңында, құпия болмаса, поезда кездескен Наташамен кездестіңіз бе?
- Жоқ, кездестірген жоқпын, бірақ ол мені киноға ғашық етіп кетті.
Жетіруов Жаңабек. Аққыз-қазақтың жан дүниесңн ашатын кілт. Бір көргеннен ғашық болдым...
- Жетируов Жанабек. Премьера фильма "Аққыз". 14.12.2012
- Жетируов Жанабек. «Премьера фильма «Записки путевого обходчика».// КиноПро. №2 апрель, 2008.
- Жетируов Жанабек. «Записки путевого обходчика».// КиноПро. №1 март, 2008.
- Жетіруов Жаңабек. Аққыз.// Дәстүр. №9-10(08).10.2010
- Жетіруов Жаңабек. Дүниежарық.//Еуразия Кино. 5 қыркүйек, 2006.
- Жетируов Жанабек. «Записки путевого обходчика».// Общенациональная программа «В кругу семьи». II Международный кинофестиваль семейных и детских фильмов «Верное сердце». 23-28.10. 2007. Москва.
- Жетіруов Жаңабек. «Аққыз» фильмі тарихымызға, мәдениетімізге деген көзқарасты өзгертсе екен деймін.// Ақ желкен.№7, 2010
- Zhetiruov Zhangabek. Akkyz.// Happy Poffday. 15th Tallinn Black nights film festival. 2011
- Zhetiruov Zhangabek. Zapiski putevogo obhodchika.// 16 internationales film festival Innsburck . 2007, 5-10 juni.
- Zhetiruov Zhanabek. Zapiski putevogo obhodchika. The lineman`s diary.//Pavilion les Cinemas du Sud. Cannes, 2008, du 14 au, 25 mai.
- Жетируов Жанабек. Казахстанский фильм «Аккыз» участвует в основной конкурсной программе международного фестиваля «Темная ночь».// 25.10.2011.
- Жетируов Жанабек. Жанабек Жетируов добро на съемки фильма «Аккыз» получил на небесах.