Жетіруов Жаңабек. Дүниежарық.//Еуразия Кино. 5 қыркүйек, 2006.
«Егер аяқта аяқ киім тар болса, не пайда дүниенің кеңдігінен» деген екен. Сол сияқты су қараңғы болсаң, дүниенің жарықтығынан пайда шамалы. Қапас тірлікте мағына бар ма екен?
Бұл сұраққа Жетіруовтың «Дүниежарық» фильмін көрген соң жауап қатуға болады. Қос жанарынан айырылып, қауһар кемісе де, жігері жасымаған ақсақалдың тірлігіне қарап, «иә, болады екен» дерсің. Фильмде шағын ғана ауылдың күнделікті күйбеңі суреттеледі. Соның ішінде - соқыр шалдың өмірі.
Ол, «саналы ғұмырын темір жолға арнағандықтан», темірден жасалған Жолдың бүге-шүгесіне дейін толық меңгерген. Жолдың кай жерінде кемістік бар екенін дөп табу үшін оған арнайы аппараттың қажеті жоқ. Себебі, ол ненің не екенін толық таныған ақсақал емес пе?
Жол - әдебиетте, өнерде әредік, ғұмыр деген ұғымды беретіні белгілі. Ол - бір адамның, не бір қауымның ғұмыры болуы мүмкін. Ал, «Дүниежарық» фильміндегі темір жол осы мағынада қолданыла ма? Фильмде әкетіп бара жаткан әлеуметтік қиыншылықтар жоқ. Қарапайым ғана бір ауылдың тіршілігі. Ақсақал жол тексеруге шығады, сәл қолы босаса, шөп шабады. Шапқан шөбін балалар ұрлайды. «Е, баламысың» дейді де, қояды ақсақал. Оның «қазыққа байлаулы» ғұмыры осы. Оны ауылдың бәрі таниды, ол ауылдың бәрін таниды. Сірә, Жол бұл жерде - шалдың ғұмыры. Ал, жолдың қыр-сырын тануы - ол шалдың «Өмір» атты дарияны тануы. Ал, дүниенің жарықтығын тануға соқыр шалдың бейнесіне екпін түсірілгені—айға таңба басқандай. Шалдың күйбеңін көре отырып күнделікті қарбаластың өмір екенін танимыз. Осы шалдың бейнесін сомдаудағы Ықтымбаевтың шеберлігі өзара бөлек әңгіме.
«Өмір дегенің, шынымен де, бір күндік сәуле екен ғой». Режиссер осыны көрерменге ерекше нәзіктікпен жеткізе алған, дегенменен, фильм-күзі жетпеген көкөністей болып тұр.
Жетіруов Жаңабек. Дүниежарық.//Еуразия Кино. 5 қыркүйек, 2006.