Пірінбеков Марат Үсенұлы. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүддесін дамытамыз – Алмалы ауданының әкімі, Алматы.// ҚАЗАҚПАРАТ. 29.01.2010
Елбасының жаңа Жолдауындағы басты бағыт – кімде-кім әрекет етсе ғана, табысқа жетеді және бұл қазақстандықтардың бәріне қатысты айтылған сөз. Президент мемлекетті дағдарыстан кейінгі дамуға жұмылдырды. Бұл жөнінде Алматының Алмалы ауданы әкімі Марат Пірінбеков Қазақпарат корреспондентіне баяндады.
Әкімнің сөздері бойынша, Алматының Алмалы ауданында жоғары оқу орындарының көп бөлігі шоғырланған. Онда шоғырланған профессорлар-оқытушылар құрамы өмірдегі инновациялық саясатты дамытуға арналған ғылыми база болып табылады. «Еңбек өнімділігін арттыруда ғылым маңызды рөл атқаруы тиіс», - деп атап өтті М.Пірінбеков.
Әкім ауданда 449 өнеркәсіптік кәсіпорын, оның ішінде ірі 39 кәсіпорынның әрекет ететіндігін, 19-ы менеджменттің ISO 9001 халықаралық стандарты бойынша жұмыс істейтіндігін атап өтті. «Осы кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін біз қолмен басқару тәртібіне көшеміз. Сонымен қатар, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін және сыртқы нарыққа, бірінші кезекте Кедендік одаққа шығару үшін кез келген қолдау көрсетеміз. Президенттің сөзін отандық кәсіпорын мүдделерін дамытуға арналған карта-бланш ретінде бағалауға болады деп санаймын. Біз олардың мүдделерін белсенді түрде назарға аламыз», - деді аудан басшысы.
ШОБ саласы да айтарлықтай маңызды бағыт деп айқындалды. Алматы республикалық бюджеттің басты доноры болып табылатындығы мәлім, барлық салықтың 52%-ы дәл осы сектордан жиналады. Демек, экономика диверсификациясының өзегі – ШОБ өндірісі және оның одан ары дамуы болуы тиіс. «Уақыт және алға қойылған міндеттердің жаңа болмысына сәйкес ШОБ-ты дамыту және қолдау бағдарламасына нақты өзгерістер енгіземіз», - деді М. Пірінбеков.
«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты, әкім ауданда мектепке дейінгі мекемелерде 2 500 орын тапшы екендігін хабарлады. Оны жүзеге асыру аясында осы мәселені тезірек шешу үшін, атап айтқанда, мемлекеттік-жеке серіктестік саласында барлық мүмкіндіктер қарастырылады.
«Балалар арасындағы бұқаралық спортты дамыту да біз үшін маңызды болып табылады. Қалалық каратэ федерациясының президенті бола отырып, мен өзімнің жеке бастамаммен №128 мектеп базасы ауданында дене шынықтыру мұғалімдеріне арнап семинар өткіземін. Өйткені каратэ – бұл шығыс жекпе-жегі ғана емес, бұл рух күшін және мінез-құлықты тәрбиелейтін спорт түрі. Сонымен қатар, спорттың бұл түрі – тамаша тыныс алу жаттығуы, бұл әсіресе өсіп келе жатқан ағза үшін маңызды нәрсе. Менің мақсатым – әрбір қалаған оқушы өз мектебінде спорттың осы түрімен тегін айналысып, бастамасын және алғашқы шеберліктерін меңгерсе екен деймін. Алматының бұқаралық спортын дамытудағы біздің нақты үлесіміз осындай болмақ», - деді М. Пірінбеков.
Мәтінді дайындаған: Айгүл Тұрысбекова
Пірінбеков Марат Үсенұлы. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүддесін дамытамыз – Алмалы ауданының әкімі, Алматы.// ҚАЗАҚПАРАТ. 29.01.2010