SelfBrandBook
Төлеген Бахаргүл. Ұлттық құндылықтарға жанашырлық-басты мақсатымыз.// Президент және халық. №02 (072) 12.01.2007
Өнер - өшпес мұра. Сол өнердің салалары да көп. Сөз өнері, би өнері, сәулет өнері, аңшылық өнері, ағашшылық өнері, зергерлік өнері осылай бірінен кейін бірі тізбектеліп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы да мәдениеттің сом алтындай бөлшектері. Өнер туындыларының ғаламат құдыреті, әдемілігі, мазмұны ғасырлар түкпірінен жетсе де өз құндылығын жоғалтпайды. Дәл бүгінгі жаһандану дәуірінде өмірді технология жетістіктері билеген заманда тап сол ұлттық өнердің алар орны ерен екені анық.
Ұлттық өнеріміздің алтын, күміс сиякты асыл тастардан зергерлік бұйымдар жасау өнері, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасалған бірегей туындылары келешекке аманат етіп апарылатын ғажайып құндылықтар.
Оларды жинақтап, жүйелеп, елге таныстырумен айналысуда "Бал-бұлақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айрықша көзге түседі.
"Бал-бұлақ" ЖШС бас директоры Баһаргүл Төлегенқызы бұл салаға жаңадан келген адам емес. Ол ұзақ жылдардан бері халықтың көп өнер туындыларының үлгілерін жинастырумен, оларды сараптаумен, көпшілікке насихаттаумен айналысып келе жатқан білгір маман.
- Ерте замандардан жеткен ұлттық жәдігерлеріміз тарихтан керемет сыр шерте алады, - дейді бас директор Баһаргүл Төлегенқызы, -Сондықтан әрбір антиквариаттық дүние бізге қымбат.
Көне заманнан немесе XVII- XVIII ғасырлардан жеткен зергерлік бұйымдар, тұтыну заттары өз дәуірінен жан-жақты ақпараттар береді. Біз осыған назар аударып, ізденістер жүргізу үстіндеміз. Мәселен, қазақ әйелдерінің зергерлік бұйымдарындағы сан алуан әрі күрделі өрнектер арқылы қазақ даласында үлкен мәдениет болғандығына көз жеткізуге болады.
Әр өрнектің өзіндік мән-мағынасы бар. Әдетте ою-өрнектер де адамның жас ерекшелігіне байланысты бөлінетін болған. Ал асыл тастардың бір-бірімен үйлесімін
табуы қиынның қиыны. Оны асқан шеберлер болмаса, кез келген адам қиюластыруы мүмкін емсс.
Мәселен, мені көне зергерлік бұйымдардағы ақық тасының жиі кездесуі таңғалдырады. Бұл кездейсоктық емес. Қазақтар ақықты ерекше қастерлеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі "Кімде-кім ақық тастан жүзік салса, ол қуаныш пен игілікке молығады" деген сөзі бар екен. Ақық тастың денсаулыққа пайдасы бар деп саналған. Одан әртүрлі бойтұмарлар жасалынған. Ақық сөзінің өзі қазақтарда әрдайым сақтаушы түсінігін білдірген. Бұдан кейін қолданыста кеңінен тараған асыл тас - маржан. Ал қымбат металдардан бағаланатыны- күміс.
Күміс тазалықтың белгісі ретінде колданылып келеді. Онын ақ түсін қазақтар тазалық пен ізгілік ұғымдарымен астастырған. Әрбір қазақ әйелі күміс сақина мен білезік тағуды мәртебе санаған. Яғни онда істеген ісінің барлығы осы асыл металдың қасиетімен тазарып шығуы тиіс деген ұғым жатыр.
Күмістің емдік қасиеті жайлы халық емшілері де жиі айтып жүр емес пе?!
"Бал-бұлақ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақ халқының төл мәдени туындыларын зерттеп, жинастырып, жұртшылыққа ұсынып, таныстырып келеді. Осыдан алты жыл бұрын мекеменің атын ойластырған кезде ақжаулықты анамыз: "Бал-өзі тәтті әрі емдік касиеті бар тағам, ал бұлақ -тіршілік көзі. Сондықтан мекемелерінді "Бал-бұлақ" деп атаңдар деген. "Жақсы сөз -жарым ырыс". Онысы "балдай тәтті кәсіп құрып, бұлақтай сұсындарын бассын" дегені болар. Біз үлкен кісінің бұл ойын қуана құптаған едік. Үлкендердің өмірден оқығаны да, тоқығаны да көп қой. Бүгінде қолға алған ісіміз біртіндеп алға жылжып келеді.
Баһаргүл әлемнің әр түкпірін шарлап, казақтың зергерлік қол-өнер, тұрмыстық өнер туындыларының 500 дей астам үлгісін жинақтады. "Бал-бұлақ" ЖШС Қазақстанның рәміздік белгілерін насихаттаумен де үзбей айналысады.
Еліміздегі әйгілі әйдік монумент-ескерткіштердің кішірейтілген нұсқаларын жасап жұртшылыққа ұсынып келеді. Қазақтың ұлттық зергерлік, қолөнер бұйымдарын тұрмыстық заттарын кәдесый түріне айналдыруды өзіндік дәстүр етіп отыр.
Бүгінде "Тәуелсіздік монументі", "Астана бәйтерегі", "Қожа Ахмет Яссауи" кесенесі және тағы басқа да толып жатқан ескерткіштерінің кішірейтәлген нұсқалары ел ішінде кеңінен тарала бастады. Қазақстанда бой көтерген архитектуралық мәдени-тарихи өнер туындыларының көпшілігі кәдесыйлық нұсқалары арқылы алты жыл ішінде республика жұртшылығы ғана емес талай шетелдерден келген туристерге де кеңінен танымал болды.
Бүгінде еліміздің бірқатар облыс орталықтарында "Бал-бұлақ" жауапкершілігі шектеулә серіктестігіне қарасты "Әдемі" өнер салонының бөлімшелері жұмыс жасайды. Астана мен Алматыдағы "Әдемі" өнер салондары жұртшылыққа бүгінде кеңінен танымал.
Баһаргүл жан жары Мұрат екеуі республика бойынша өткізіліп жүрген талай мәдени шараларға демеушілік көрсетті.
Жетім балалар үйіне қайырымдылық шараларын жасады.
-"Жетім көрсең, жебей жүр" деген қазақтың аталы сөзін санамыздан бір сәт те шығарған емсспіз, -дейді Баһаргүл ханым.
- Бизнесте болсын, қарапайым тіршілікте болсын қайырымдылық жасау мүмкіндігі бар азаматтың парызы деп білемін. Өзім айналысып жүрген ісімнің халыққа қажеттілігін сезінгенде айрықша қуанышқа кенелемін. 2004 жылы Швецияда өткен әлем қазақтарының екінші кіші құрылтайына құрметті қонақ болып шақырылдым. Сонда әлемнің әр шетінен келген қандас бауырларыммен сұхбаттаса отырып, менің атқарып отырган жұмысымның маңыздылыгын тереңірек сезінгенде ерекше қанаттанғаным бар. Сол елде қазақтың зергерлік қол өнеріне қатысты үлкен көрме ұйымдастырған едім. Жат жұртта жүрген қандастарымыздың ризашылығы керемет болды. Содан бері де талай шығармашылық көрмелер өнер сүйер қауымның көзайымына айналды. Алла Тағала бұйыртса алдағы уақытта үлкен мұражай немесе "Әдемі" деген атпен үлкен өнер үйін ашқым келеді. Ондағы ойым Қазақстанға келген қонақтар Қазақстанның мәдени болмысын осы өнер ордасынан-ақ көріп-біліп, қайтса екен деймін де.
Енді сол арман жолында маңдай терімізді сығымдап жүрген жайымыз бар. Отандық және шетелдік суретші-сәулетшілермен, кәдесый экспортымен айналысатын шетелдік фирмалармен іскерлік байланыстар орнаттық. Жұмысымызды жылдан-жылға жандандырып келеміз. "Әдемі" өнер салонына кірген әрбір жан ондағы экспонаттардың шынымен де әдемі екендігіне көз жеткізіп қоштасуға асықпай жүретіні біздерді қуантады.
Баһаргүл ұлтымыздың төл мәдениетін, оның рухани, материалдық құндылықтарын керемет жақсы көреді әрі бағалайды және олардың құнын анық білетін болғандықтан оған деген құрметі де жоғары. Ақиқатында өмірде өз ұлтының игілігіне қызмет етуден артық не бақыт болсын!
Мәтінді дайындаған Раушан Кәрішалова, «Президент және Халық»
Төлеген Бахаргүл. Ұлттық құндылықтарға жанашырлық-басты мақсатымыз.// Президент және халық. №02 (072) 12.01.2007