Құсман Шалабаев. Жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті мәселелерді шешуі тиіс. // Алматы ақшамы №6 (4724) 15.01.2013
Мәтінін жазған: Ербол Тұрымбет
Қала әкімдігінде ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми мен шаһар басшысы Ахметжан Есімовтің қатысуымен Елбасының биылғы Жолдауы аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген отырыс болып өтті. Басқосуда «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мүмкіндіктері, соған байланысты жергілікті басқарушы ұйымдардың атқаруы тиіс шаралары кеңінен қамтылды.
Кездесуге, сонымен қатар, Парламент Сенатының депутаттары, қалалық Мәслихат депутаттары, аудан әкімдері мен «Нұр Отан» ХДП және өндірістік кәсіпорындардың, бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Жиынға қатысушылардың аитуынша, Елбасы жариялаған жаңа стратегия еліміздің даму қарқынының мүмкіндіктеріне сай құрастырылған. Мәселен, Қазақстан соңғы 15 жылда даму қарқыны жөнінен әлем елдерінің үздік бестігіне кіріп отыр. Бұл ретте, ел Парламентінің де көтеріп отырған жүгі ауқымды. Егер Тәуелсіздік жылдарында Парламент қабырғасында түрлі саланы қамтитын 1900-дей заң қабылданған болса, былтырдың өзінде осындай 94 заң жобасы мақұлдаудан өткен.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақан Бижановтың айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі сол жергілікті тұрғындардың өз аумақтарына қатысты мәселелерін өздері шешуіне жағдай туғызуы тиіс. Ал, қалалық Мәслихат депутаты, Алмалы ауданы әкімінің жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Құсман Шалабаев бұл ретте ПИК төрағалары мен тұрғындар арасындағы келіспеушіліктердің кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтті. Сонымен қоса, жергілікті өзін-өзі басқару ісі туралы мектеп оқу бағдарламасына арнайы пән енгізу қажеттілігіне де тоқтала кетті.
Жиынды қорытындылаған Қайрат Әбдіразақұлының айтуынша, «Қазақстан — 2050» Стратегиясын іске асыру шеңберінде осы жылы мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің ара-жігін нақты ажырату, жергілікті атқарушы органдарды қажетті өкілеттіктермен нығайту бойынша заңдар қабылданатын болады. Сонымен қатар, селолық әкімдерді сайлауды қоса алғанда, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша заңдар қабылдау жоспарлануда. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында заңнаманың шағын және орта бизнесті дамытуды ынталандыру бөлігіне өзгерістер енгізілетін болады.
Шалабаев Құсман. Жергілікті өзін-өзі басқару жергілікті мәселелерді шешуі тиіс. // Алматы ақшамы №6 (4724) 15.01.2013
Сканерден өткізілген нұскасы:
Страница 1