Олжас Қуанбай. Олжас осындай топ жарған бала екенін таланты тағы бір дәлелдеп берді.// Жетісу. 19.01.2002
Ананың балаға деген ықпалы айрықша ғой. Олжастың туған анасы Алтынхан Сыдықова қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан ән мен жырдан да құралақан емес еді. Әуелете ән салу, мақамына келтіре өлеңдер мен дастандарды оқу ол үшін рухани жан дүниесін байытудың қайнар көзі болып табылатын.
Анасының жанынан қарыс қадам шықпайтын кішкентай Олжас та ән мен жырға ерекше құмартып өсті. Ол талабы оны далаға тастаған жоқ.
Алты жасында алғаш рет "Барлық - Арасан" бала бақшасында жүрген кезінде "Ағаларым" әнін орындап сындарлы байқаудан өтті. Бала көңілімен шешек атып келе жатқан жауқазындай талабымен талайды тамсандырып тастады. Осының өзі-ақ кішкентай бүлдіршінге әжептәуір демеу болды. Өнерге деген құлшынысына қамшы салды.
Екінші сыныпта оқып жүрген кезінде әйгілі әнші Бекболат Тілеуханов орындайтын "Елім менің" әнімен облыстық филармонияда өткен "Әсетті еске алайық" байқауында осы әнді орындап елді елең еткізді. Сонымен қатар Әсет Бейсеуовтың "Маралдым" әнін де шебер орындап, алқа мүшелері атынан заттай сыйлық пен марапаттау қағазын алды. Осының өзі өнер әлеміне кішкентай өнерпаздың еркін қанат қаға бастағанынан ел-жұртты хабардар еткен еді.
Жақында Қазақ радиосы ұйымдастырған республикалық "Балақай" радио фестиваліне қатынасу үшін Олжас Бекенұлы 12 жырды мәнерлеп оқып, жатпай-тұрмай дайындалды. Еңбегі еш кеткен жоқ. Ол осы байқауда Бұхар жырау, Майқы би, Асан Қайғы, Алпамыс, Қабанбай, Қарасай, Манас жырларынан үзінділер оқып, тыңдарман жүрегінен жол тапты. Сөйтіп, 12 жасар өрендер арасында "Балақай" байқауының үздігі атанып, бірінші орын мен лауреаттық атақты қоса иемденді.
- Баламның бұл талабын құдай тіл көзден сақтасын. Ән мен жыр десе ішкен асын жерге қояды. Ұлттық өнерімізді өрістете түссем деген балауса талабы сүйсіндіреді. Қазір алдағы өтетін байқауларға әзірленіп жүр, - дейді Сыдықова.
Ата-бабамыз "Талапты ерге нұр жауар" деп тегін айтпаған. Олжас Бекенұлы Қуанбаев бұл күндері Алмалыбақ ауылындағы Әл-Фараби атындағы мектептің алтыншы сыныбында оқиды. Сахнаның сәніне айналған Олжас Абай, Мұқағали, Мұхтар Шаханов, тағы басқа көптеген ақындардың ершіл де сыршыл өлең-жырларын балғын даусымен мөлдіретіп те, төгілдіріп те оқып жүр. Сабақта да үздік. Оның осы талабы әлі талайды сүйіндіретін болады.
Қанат Тәкебаев
Олжас Қуанбай. Олжас осындай топ жарған бала екенін таланты тағы бір дәлелдеп берді.// Жетісу. 19.01.2002
Сканерден өткізілген нұсқасы
Бет 1