Өмірбаяны

Туған күні: 22 ақпан, 1966 ж.
Туған жері: Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласы.
Қазіргі мекені:Алматы қ. Қазақстан.

Фарида Мерхамитқызы 1997 жылы «Ерке-Нұр» кәсіпорнын, 2004 жылы «Ерке-Нұр» сән театрын, 2007 жылы республикалық «Ерке-Нұр» сән журналын ашты. Сонымен қатар осы жылы Халықаралық қазақ-қытай тіл академиясының колледжін құрды.

«Ерке-Нұр» компаниясының президенті Фарида Мерхамитқызы 2001 және 2009 жылдары 8 наурызда Алматы қаласының танымал әйелдері қатарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салған. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен және  Ата заңымыздың 10 жылдығына, Астана қаласының 10 жылдығына  арналған мерекелік медальдармен марапатталған. Сонымен қоса 3-ші деңгейлі «Атамекен» медалінің иегері.

Фарида Мерхамитқызы «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Фарида Мерхамитқызы басқаратын кәсіпорын 150-дей адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қазақтың ұлттық киімдері, ұлттық киім негізінде қазіргі заманауи киімдер, арнайы киімдер, оның ішінде әскери киім, шекарашылар киімдері, теміржолшылардың киімі, мектеп формасы, салтанатты кештерде киетін сәнді киімдер, сондай-ақ киімнің көптеген жаңа үлгісін құрастырып халыққа ұсынды. Өндірістік кәсіпорын жаңа заманғы ең үздік технологиялық үлгіде жабдықталған. Соның арқасында «Ерке-Нұр» кәсіпорынының  Республика тігін индустриясында алатын орны ерекше. Онда тігілетін тауарлар өзінің сапасы мен бағасының тиімділігінің арқасында нарықта сұранысқа ие болып келеді.

2008 жылы II-ші дәрежелі  «Алтын сапа» белгісіне ие болды.

2008 жылы әлемдегі ең сапалы бұйым шығаратын үздік сауда маркасын анықтайтын Францияның Other Ways менеджмент және консалтинг Халықаралық қауымдастығының «Кемелді, жоғары сапалы және таңғажайып жұмысы үшін» берілетін «Платиновая булавка» халықаралық сыйлығын жеңіп алды.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының халық таныған сапа белгісі «Мінсіз» тауар үшін белгілеген арнайы дипломымен марапатталған.

2007 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы кәсіпкерлерінің арасында «Ең үздік кәсіпкер әйел» атағына  және «Жыл таңдауы» байқауының қорытындысы бойынша «Ең үздік сән орталығы» марапатына ие болды.

Алматы қаласы әкімінің ІІ-ІІІ-ші  дәрежелі «Өнімнің жоғары сапасы үшін» дипломымен және Алматы облысы әкімінің мақтау хатымен марапатталған.

«Ерке-Нұр» кәсіпорыны 2003 жылы Астанада дүниежүзілік сапа күні құрметіне өткен тауар көрмесінде «Қазақстанның ең үздік тауары» дипломына ие болды.

    Қазақтың ұлттық киімдері мен ұлттық киімдердің негізінде дүниеге келген бірнеше таңғажайып коллекциялары бар «Ерке-Нұр» театр ұжымы республикалық және Қытай, Түркия, Германия, Щвеция, Ресейде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ  ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай үкімет делегациясының құрамында Германия, Белгия, Голландия, Америка елдерін аралап, қазақтың киім үлгілерін көрсетіп, үлкен құрметке ие болып қайтты.

    «Ерке-Нұр» өндірістік кәсіпорыны  2004 жылы Қазақстан халықтары Ассамблеясымен бірлесіп Республика сарайында қазақ халқының және Қазақстан халықтарының ұлттық киім үлгілерінен алғаш рет қойылым жасап, көрермендер назарына ұсынды. Сонымен қатар Ассамблеямен бірлесе отырып Достық үйінде ғылыми-практикалық конференция өткізіп, өздері әзірлеген сән үлгілерін көрсетті. Дүниежүзі Қазақтарының 3-ші Құрылтайы кезінде Елбасының иығына жабылған көк шапан да «Ерке-Нұрдың» әйгілі өнімдерінің бірі болатын. «Ерке-Нұрдың» 10 жылдық мерекесіне орай 2008 жылдың қараша айында сән кешін өткізіп, көрермендер назарына 120-дан аса киім үлгілерін ұсынды.

    Фарида Мерхамитқызы басқаратын «Ерке-Нұр» компаниясы Алматы қаласында өтетін мәдени, іскерлік шараларына жиі қатысады және жағдайы төмен отбасыларына, мүгедек баласы бар аналарға, жетім балалар үйіне, қарттарға көмегін көрсетіп келеді.

    Фарида Мерхамитқызы 1993 жылы отбасымен бірге Атамекені Қазақстанға оралып, кәсіпкерлікпен айналысты.

    1988 жылы аталған оқу орнын қызыл дипломмен үздік бітіріп, ғылыми-техникалық баспаның жаратылыстану және география бөлімінде редактор болып қызмет істеген. Қазақ, қытай тілдерін жетік меңгерген, орыс тілінде еркін сөйлейді.

    1983 жылы қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы Үрімжі қаласындағы педагогикалық университеттің жаратылыстану және география мамандығына оқуға түскен.

    Ақпараттардың соңғы жаңаруы 01.12.2009