SelfBrandBook
Бақытжан Өтеғалиев: Қолдан келмейтін іс жоқ.// Совет Директоров. №4 (58), 2011.
Мәтінін жазған: Ғазиза Жаппарова
Фото: Никита Басов
ТҰЛҒА: БАҚЫТЖАН СИСЕНҒАЛИҰЛЫ ӨТЕҒАЛИЕВ
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директордың орынбасары
«Директорлар кеңесі» жарық көріп келе жатқан 6 жыл бойы «Тұлға» айдарының кейіпкерлері Алматы мен Астанада қызмет етіп келе жатқан бизнесмендер мен компания басшылары болды. Десек те, біз үнемі кейіпкерлеріміздің аумақтық географиясын кеңейткіміз келетін. Астаналарымыздан тыс жерлерден бірнеше айлар бойы тұлғаны іздеп жүріп, әйтеуір сәуір айында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директордың орынбасары Бақытжан Сисенғалиұлы Өтеғалиевті кездестірдік. Бірнеше сағат қана әңгімелесек те, барлық мәселенің басын шалдық деуге болады. Шынын айтқанда, мен тіпті, сұхбаттан емес, қарсы алдымда отырған сұхбаттасушымен пікір алмасқанымнан рақат алдым.
- Бақытжан Сисенғалиұлы, менің білуімше, бұрын Сіз Шеврон компаниясында, шетелдік компанияда қызмет еттіңіз, болашақта өсуге болатын мықты лауазымды атқардыңыз, Лондонда жақсы жалақыңыз бен әлеуметтік жиынтығыңыз болды. Неге осының бәрін тастап, Қазақстанға оралдыңыз? Осында оралып, көптеген адамдарды таңғалдырғаныңызды білемін.
- Таңғалдырдыңыз дейсіз бе? Дұрыс айтасыз, таңғалдырдым (күлдік). Шынында солай. Мен болашағы бар мұнай трейдері болып саналатынмын, мені бағалайтын. Компания басшылығы шикі мұнайды тасымалдау туралы менің жаңа жобама қолдау көрсетіп, аталмыш жобаның үйлестірушісі етіп тағайындады. Әлеуметтік жиынтық дегеніміз өз алдына, бірақ үйім осында, Қазақстанда ғой.
- Сонда аңсадым дейсіз бе?
- Білесіз бе, адам өзіне үйреншікті жерден қашықта жүргенде, отандастарымыз үшін дағдылы өмірден, тілден, әуеннен, поэзиядан, тіпті тым асқақ айтсам, ата-бабамыздың дүниетанымы мен даналығынан жырақта жүргенде, өз-өзіңді ұстап, қиындықтарды жеңуге көмектесетін әлдебір маңызды нәрсені жоғалтып алғандай сезінесің. Отбасымызбен Қазақстан туралы кез келген нәрсені есімізге түсіріп, теледидардан беретін жаңалықтарды, Отанымыз туралы суретті рақаттана көретінбіз. Жырақта көп уақыт бойы өмір сүргендер мені түсінеді.
- Қазақстанға оралғаннан кейін Сізге қандай қызмет бұйырды?
- Бастапқыда «ҚазМұнайГаз» сауда үйі» АҚ мұнай экспорты департаментінің директоры болдым. Менің алдыма қойылған міндеттері мынадай болды: сату жүйесін халықаралық стандартқа келтіру, барлық келісімшарттық міндеттемелерді қайта қарау және шетелдік серіктестермен өзара қарым-қатынас орнату. Біздің сату аумағымызды кеңейтуге мүмкіндік беретін логистиканы зерттеу қажет болды.
- Ол кезде қанша қызметкеріңіз бар еді?
- Мен келген кезде департаментте 9 адам болды. Әрине, олар жұмыс істейтін, сататын, бірақ ТМД аумағынан ары ешкім аспаған. Сонымен қатар, жеткізудің экономикалық жағынан анағұрлым тиімді бағыттарына құқымыздың бар екендігін дәлелдеу керек болдым. Бірдеңе сұрап тұрған сияқты емес, кез келген мұнай трейдерімен тең дәрежеде сөйлесу керек болды. Мінеки, осы жерде шетелдегі трейдер болған тәжірибем, байланыстар мен білімім көмектесті. Ол үшін компаниядағы жүйені қайта құру ғана емес, сондай-ақ әлемдік тәжірибеде мұнайдың жалпы қалай сатылатындығын барша жұртқа түсіндіруіме тура келді. Экспорттық сауда жөніндегі сарапшы ретінде үкіметтік комиссияға қатысуға тура келді. Саладағы ерекшеліктің бәрін түсіндіріп, нарықтағы баға белгіленім қалай қалыптасатынын айтып, мұнайдың маркерлік сұрыптарының қандай болатынын және т.б. түсіндіруіме тура келді.
Жарты жыл бойы күн сайын шенеуніктерге мұнайды сатудан бастап мұнайды құйғанда не болады, инспекциялаудың барлық аспектілері, барлық қауіп-қатер, ықтимал шығындар, ақы төлеу жүйесі және шарттары сияқты соңғы тұтынушыға дейінгі барлық деңгейлерді айтып түсіндірдім.
- Егер өз ісіңді шын жүректен сүйсең, кез келген қиындықты жеңуге болады дейді ғой, сол кезде, бәлкім сізге комектескен осы болар. Әрі қарай не болды?
- Содан кейін, дұрысын айтсақ, осымен қатар біз логистиканы жолға қойдық. Айталық, мұнайды Одесса немесе Новороссийскке дейін жеткіздік. Әрі қарай не істейміз? Ол кезде жеке танкеріміз де жоқ болатын, Еуропаға шығу қиын болатын, еуропалық мұнай трейдерлерімен қарым-қатынас жолға қойылмаған. Қара теңіздің шиппингін зерттегеннен кейін танкерлерді жалға ала бастадық, осылайша мәмілелерден түсетін пайданы арттырдық. Қазтеңізтрансфлот көлікпен жеткізу аумағын кеңейте бастағаннан кейін әрі қарай дамып, қарым-қатынасты жолға қойып, СИФ жағдайында жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды.
- Бірақ көлік компаниялары бар емес пе, оның үстіне көптеген халықаралық экспедиторлық брендтер Қазақстан нарығына айтарлықтай жылдам келді.
- Иә, бірақ мұнайды тасымалдау кезінде өзіне тән ерекше сәттер бар, сол үшін бәрі өз шарттарын қоятын жағдайға үнемі тап болатынбыз. Маған өз пікірімді айтып, өзімдікінің дұрыс екенін дәлелдеп, менің де қоятын шарттарымның бар екенін, тең деңгейде жұмыс істеуге тиіс екенімізді айтуыма тура келді.
Үкіметтің барлық жағдайларды ескере келе, Қазақстанның Ресеймен өзара қарым-қатынас орнату туралы елбасының шешімі елеулі рөл атқарды. Осының арқасында мұнайымызды Ресей арқылы Еуропа елдеріне тасымалдау мүмкіндігі кеңейе түсті.
- Ал салық органдарымен қарым-қатынасыңыз қалай?
- Біздің органдар тексеру барысында өздері білетін регламенттерді қолданды. Бұрын олар баға белгілеуді есептеу кезінде көрсетілен сатып алушының шығындарымен байланысты шығындарды қабылдамайтын. Баға белгілеудің бұл формуласы шикі мұнай өткізетін әлемдік нарықтарда қолданылатынын, экономикалық нарықтық заңдарға бағынатындығын түсіндіруімізге тура келді. Мынаны айта кетейінші, қазіргі таңда кең ауқымды дағдарыс жағдайында мұнай трейдерлері, сондай-ақ Еуропа мен Американың МӨЗ сату-сатып алудың жаңа құралдарын (формулаларын) іздеп жүр.
Келіскеннен кейін салық органдары барлық шығындарды құжатнамалық түрде растауды талап етті. Егер де бізге қызмет көрсететін «ҚазТрансОйл» АҚ тарифтерімен, Қазақстан аумағы бойынша шығындармен байланысты шығындардың бәрін көрсете алсақ, әрі қарай коммерциялық қызмет пен халықаралық стандарттарға шыға алатын болдық, шарттардың барлығын шетелдік компаниялар құпия сақтауы тиіс болғандығы сіздерге мәлім шығар. Қандай да бір қорытынды және растау құжаттарын жасау үшін трейдерлермен, инспекциялармен және басқа да компаниялармен келісу керек еді. Қыруар құжаттар жинауға тура келеді, сондай-ақ оларды тізбектеп жинау керек: банк шығындары, инспекциялау, көлік шығындары, сақтандыру және т.б.
Біздегі салық органдарының мұнай трейдерлігі саласындағы біліктілігі айтарлықтай арта түскендігін атап өткенім жөн, қазіргі таңда олар халықаралық стандарттағы барлық құралдарды қолданып жүр.
- Сол кезде мұнай саласындағы регламенттер базасын жетілдіруге осыншама күш салмасаңыз, қазір қалай боларын кім біледі...
- Онда тұрған ештеңе жоқ, ненің не екенін түсіндіру маған да қызық болды. Ешкімде ешқандай қиындық, қақтығыс туындамас үшін көптеген нәрселерді мен жол-жөнекей ойлап табатынмын. Әлгі оқушысына ережені жүз рет түсіндіремін деп өзі де түсініп алған мұғалім туралы анекдот есіңізде ме? (күлдік)
Тіпті, данышпан әрі кәсіби менеджер жақсы мамандарсыз, жақсы командасыз, жеке дара ештеңе жасай алмас еді, жалғыз батыр жауға жоқ демей ме... Оны мен жақсы білемін.
- Келесі кезең қандай болды?
- «ҚазМұнайГаз» ҰК басшылығы менің тәжірибемді назарға ала отырып, «ҚазақойлАқтөбе» АҚ коммерция жөніндегі бас директордың орынбасары ретінде жіберді, бұл кәсіпорынды ұлттық компания озық Ресей компаниясы «Лукойл-Оперсиз» АҚ-пен (50/50) бірлесіп сатып алды. Ол жерге барғаннан кейін сауда саясатын басынан бастап қайта қалпына келтіруіме тура келді. Содан кейін бас директордың бірінші орынбасары ретінде «Қазмұнайгаз» сауда үйіне қайта келдім. 2009 жылы қарашада «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың коммерциялық мәселелер жөніндегі бас директорының орынбасары ретінде тағайындалдым, оның активін «ҚазМұнайГаз» ҰК мен CNPC бірлесіп сатып алған.
- Сіз отандық кәсіпорнымызға аса қажетті, бірақ өте тапшы «дағдарыс топ-менеджерлердің» қатарына жатасыз ғой сонда...
- Менеджменттің заманауи түрлерін ескере отырып жасаған жұмысымның нәтижесін көргенде, белгілі бір кезеңді аяқтағанда жақсы алғыс пікірлерді естимін, жұмыс істеген адамдармен қуана-қуана кездесемін, пайда әкелген жақсы бірнәрсе істегенімді түсінемін.
- Бақытжан Сисенғалиұлы, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ республикалық «Парыз» байқауының «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша жеңімпаз атанғаны маған мәлім. Еңбек ұжымымен өзара қарым-қатынастағы регламенттеріңіздің негізін не құрайды?
- Әрине, бұл компанияның еңбек ұжымының әлеуметтік қорғалуы, мемлекеттік органдармен және қызметкерлер кәсіподағымен жасалатын қарым-қатынаста достық орнату.
- Айтпақшы, жауапкершілік туралы, әлеуметтік жауапкершілік жағынан «МаңғыстауМұнайГазда» қандай іс-шаралар өткізіледі?
- Өзіңіз айтқандай, әлеуметтік жауапкершілікке жататын барлық іс-шаралар өткізіледі, біз үшін сөзсіз қамқорлық адамдарға байланысты ғой, мәселен, Ақтау-Қаламқас жолының құрылысына ақша бөлінді, жыл сайын мұнай саласының ардагерлеріне салтанат көрсетеміз – мұнайшылар күнінде ақшалай өтемақы бөлеміз, студентерге Қазақстанның оқу орындарында және шетелде, оның ішінде Ресей, Қытай, Чехия және басқа да елдерде білім алуға грант бөлеміз.
- Демек, сіздер үшін ең басты құндылық – адамзат капиталы ғой...
- Былай ғой, акционерлер үш жылдан кейін топ-менеджерлер ротациясы туралы келіскендіктен, біздің командамыз үшін өзіміз кеткеннен кейін айтарлықтай үлкен із қалдыру аса маңызды, басқа басшылық біз істегенді әрі қарай жалғастырып, тіпті бізден асып түсу керек. Қажеттінің бәрін біз көрсеттік, құзіреттілігіміздің жоғары екенін, кәсіпқойлығымызды, экология, қызметкер және Маңғыстау аймағының тұрғындарына және т.б. көрсеткен қамқорлығымызды дәлелдедік. Енді біз үшін ең бастысы – нәтижемізді бекіту, отандастарымызға олардың жоғары дәрежеге, ал басшылыққа менеджментіміздің сәйкестік стандартының жоғары деңгейіне лайық екенін көрсету.
- Осы сияқты жетістіктерді жас топ-менеджерлердің аузынан естіген өте жағымды. Сауатты әрі жігерлі басшылар туралы халықтың қазір не ойлайтынын өзіңіз де білесіз.
- Бастапқыда біз де күмәнданушылықты байқадық, бірақ бұл бізге бөгет бола алмады. Еңбектегі үздік нәтижелері үшін сыйақы ретінде Азиадаға жіберген сапарлардан Алматы мен Астанаға енді келіп жатқан қызметкерлерді көрген қаншалықты күшті екенін білсеңіз ғой. Болып жатқан оқиғалардың әсемдігі мен ауқымдылығын көргенде еліміз үшін, халқымыз үшін, өздері үшін қандай мақтаныш сезімінде болғанын олар шаттана айтып берді!
Жалпы, адамдарға жаңа жерлерді көрсетіп, жаңа адамдарды барынша көптеп кездестіруге мүмкіндік берген өте жақсы. Мектептің үздік түлектерін шетелге жібереміз, қызметкерлеріміздің балаларын балаларға арналған сауықтыру орталығына, оның ішінде Карпатқа жібереміз. Мұндай сапарлар өсіп-өркендеуге, дүниежүзін шарлауға, өз Отанына жаңаша қарауға, өзің өмір сүріп жатқан жерді бағалауға, еліңді, халқыңды мақтан тұтуға мүмкіндік береді, біздің мақтауға тұрарлық нәрселеріміз көп.
- Сіз айналысатын мәселелердің ішінде тауарларды сатып алу да бар ғой. Отандық өндірушілерден қалай сатып аласыз? Меніңше, елімізде сіздердің салаларыңызға арнап жабдық өндіретін кәсіпорындар онша көп емес сияқты...
- Әрине, бұрын қиынырақ болатын. Жабдықтарды сататын компанияларда дәл қазіргідей ашықтық болмайтын. Өздеріңізге де мәлім ғой, машина құрылысы ұзақ уақыт құлдырап тұрды. Алайда жағдай түзеліп келеді, қолданыстағы зауыттар қуаттылықтарын арттырып келеді, жаңа өндірістер пайда болып жатыр. Бизнесмендер сату-сатып алумен ғана айналысып жатқан жоқ, өздері де зауыт сала бастады. Оның үстіне озық технологияларды әкеліп жатыр, сондай-ақ олардың бағалары да импортқа қарағанда төмен белгіленуде.
- Олар Сіздердің кәсіпорындарыңызда қабылданған стандарттарға толығымен сәйкес келе ме сонда? Ал стандарт деген жоғары емес пе, шетелдік капиталдың болуы міндетті емес пе? Сонымен қатар, менің естуімше, «Маңғыстаумұнайгазда» жаңа Бас директор мен жаңа команда пайда болғалы бері көлемді модернизация басталған...
- Әлбетте! Кәсіпорынның барлық дана басшылары сапалы жұмыс жасауға, дамуға және пайда әкелуге мүдделі ғой. Олар да ұйықтап жатқан жоқ, технологияларды жетілдіріп, өндірісті арттырып жатыр. Білесіз бе, бұл екі жақты үдеріс: тараптардың әрқайсысы бірін-бірі жақсартуға ынталандырады. Біз мұнайды алудың заманауи технологияларын енгізсек, жеткізушілер біздің ұмтылыстарымызды қалай болса да түсініп, қабылдауға тырысуда, өз кезегінде жаңа бірнәрсе, кейде оқыс, бірақ өте тиімді идеялар ұсынып жатады.
- Рақат өмір дейсіз ғой... Ренжімеңіз, теріс жақтарын іздеп жатқан жоқпын, Қазақстанда өнеркәсіптің дамып келе жатқанына өте қуаныштымын.
- Сізбен 100% келісемін. Әрине, көп нәрсе жақсаруды қажет етеді, бірақ жеке өз басым үшін өндірушілеріміздің алға басып өрлеп жатқаны қуантады. Көбі қаржылық жағынан қиындықтарға тап болып жатады, бірақ оларды шешуге болады. Мемлекет ол үшін көп нәрсе істеп жатыр, бағдарламалар ұсынылып жатыр, ақша бөлініп жатыр, жеңілдікпен кредит те беріліп жатыр. Бір ғана айтарым бар, осы мүмкіндіктердің бәрін көптеген мүдделі адамдар естісе ғой.
- Расында да, Астанада өткізген жарты жылда, медианың өкілі ретінде көптеген мақсатты бағдарламалардан, шынында іске асатын жобалардан көптеген қазақстандықтар бейхабар екен. Көбі Жылдамдатылған инновациялық-индустриалды даму бойынша мемлекеттік бағдарламалардың бар екенін біледі, бірақ оның әрқайсымызға пайда әкелуі мүмкін екендігін көбі біле бермейді. Бұл БАҚ мемлекеттің көптеген әрекеттерін көпірме сөз ретінде көрсетіп жүргендей қатты ұран емес, бұл толығымен қолданбалы әрі есептелген шаралар. Басқа тақырыпқа ауып кетіппін ғой. Енді әңгімемізге келейік. Сіздердің компанияларыңызда инновациялар қалай іске асып жатыр?
- Бұл біздің негізгі қызметіміз, мұнай өндіруде біз алғаш болып жаңа технологияларды пайдаландық. «Маңғыстаумұнайгаздың» бұрынғы Бас директоры, мұнай индустриясының кәсіпқойы Айдарбаев Алик Серикович мұнай өндірудің ықтимал көлемі туралы күні бүгінге дейінгі қалыптасып қалған көлемнің ең жоғарғы деңгейі бітті деген пікірді бұзды. Бұрын бекітілген бағдарламаларды қайта қарастырып болғаннан кейін заманауи технологияларлды ескере отырып, жаңа міндеттер қойдық. Қазіргі таңда ұзын «жүрісті» тербелменің жаңа түрін өндіруге тапсырыс беру бастамасы көтерілді. Біз озық әдістерді пайдалана отырып, мұнайды өндіруді айтарлықтай ұлғайттық, бір жылда 5 млн. 700 мың тоннадан аса шикі мұнай өндіру жоспарланып отыр.
- Сіз оптимистік болжамдар айтып отырсыз, бұлай айтуға, мұнай саласына жататын экономика саласын дамытуға қатысты барлық негіздемелеріңіз бар. Ақтау аймағындағы бизнесмендерге өз күштері мен қаражатын нені дамытуға салыңдар деп кеңес берер едіңіз, меніңше, онда жеке бизнесті дамытуға барлық мүмкіндік бар сияқты.
- Кәсіпкерлерге Ақтаудың жағалаудағы аймақтарын бойлай инфрақұрылым нысандарын салуға кеңес берер едім. Меніңше, әсіресе, облыс басшылығының жан-жақты қолдауын назарға алар болса, бұл болашағы бар бағыт сияқты.
- Ақтаудағы жер мен жылжымайтын мүлік нысандарына деген бағаның жоғары екендігін ескеретін болсақ, меніңше, бұл жобаларды қаражаты мол кәсіпкер ғана игере алады, ал шағын және орта бизнес өкілдерінің қолынан келмейтін сияқты...
- Мемлекет жеңілдіктердің айтарлықтай бірнеше түрін жасап, кәсіпкерлерге көмектескендігін есте ұстаған жөн. Мәселен, Еркін Экономикалық Аймақтар. Мырзалар, сіздерге салық преференциялары беріліп отыр, басым бағыттардың тізімі бар, оларға ақша сала отырып, әртүрлі қауымдастықтардан, қорлар мен басқа да мекемелерден жеңілдікпен қаржыландыруға ие бола аласыздар. Көптеген еркін тауашалар бар, онда жұмыс істеп, бір мезеттік пайда емес, тұрақты табыс тауып, бизнесті өркендетудің шынайы болашағын жасау мүмкіндігі орасан зор! Аймақ басшылығы қарым-қатынасқа дайын әрі кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетуге әзір, өйткені бұл игілік үшін екендігін ол да түсінеді. Ендеше күтетін несі бар?! Белсендірек атсалысыңыздар! Шағынға да, орта бизнеске де, ірі инвесторларға да облысымызда жасыл түс жанып тұр. Әрекет ету ғана қалып тұр.
Қазіргі таңда химиялық кластерді дамыту бойынша бағдарлама бар. Бұл өте қызық бағыт. Қызық үшін ғана бірнеше есептер жасадым, мінеки қомақты қаражаттың мүлдем қажеті жоқ, ал бір-екі жобаны іске асырсаңыз, табыс айтарлықтай түседі екен...
- Алайда инновациялық бизнес туралы сөз болғанда қымбат тұратын жабдық пен лицензиясыз болмайды ғой...
- Жоға. Өндірісте белгілі бір өнімнің өзіндік құнының айтарлықтай үлесін шикізат алады. «Айналымдағы ақшаның» бәрі оны сатып алуға жұмсалады. Химиялық бағытқа келер болсақ, шикізаттың бәрі бар, су тегін: су, газ, құю және қайту энергиялары, шикі мұнай, тұз, әктас. Оның үстіе бәрі бір жерде.
Мысал келтірейін: мұнай өнеркәсібінде көп мөлшерде тұтынылатын ингибирленген тұз қышқылын өндірудегі негізгі компонент кальций хлориді болып табылады, ол тұз, газ және әктастан алынады. Осының бәрі аймағымызда бар, демек, қомақты ақша табуға мүмкіндік бар.
- Бұрын мен экология тұрғысынан өмірге қауіпті Батыс Қазақстан аймақтарының атынан сөйлейтінмін. Алайда, байқауымша, Ақтауда бұл мәселе айтарлықтай шиеленіспеген сияқты ғой...
- Әрине, мұнда ауа кристалдай таза деп айтпас едім. Бірақ теңіз желі мен мұндай өндіретін кәсіпорындардағы жергілікті жетілдірілген жабдықтар аймақтағы экологияға оң әсер етіп жатыр.
- Қалай болса да қоқиқаз қыстап қалды ғой! Олардың табиғи сезгіштігі алдамайды!
- Қоқиқаз қыстаса, әрине! (күлеміз) Егер мұнда он – он бес жыл бұрын келсеңіз, көптеген факел көрер едіңіз. Қазір бұл аймақтан бірде-бір факелді таба алмайсыз, олардың бәрі кәдеге жаратылып, қайта өңделеді. Бақытымызға орай, бұған қатаң қарайтын болды. теңіз де тазартуға әсерін тигізіп жатыр.
- Екеуміздің әңгімеміз қызып жатқаны соншалық тоқтау қиындап барады. Енді жеке өміріңізге үңілсек бола ма?
- Абай болсаңыз, үңіліп көріңіз. (күлеміз)
- Қызметкерлеріңізбен өзара қарым-қатынасыңызда қандай принципке сүйенесіз: авторитаризм бе әлде, демократия ма?
- Бойымдағы ең басты жетістіктердің бірі қарым-қатынасты дұрыс жүргізе алатын шеберлігім бар. Бұл жақындарым мен достарыма, әріптестеріммен жасайтын қарым-қатынасқа да, серіктестермен жасалатын өзара қарым-қатынастарға да қатысты. Мен үнемі түсінуге, тыңдауға, маған да құлақ асуларына ұмтыламын, ал шетелдік компаниядағы тәжірибем, оларда қабылданған корпоративтік мәдениет қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түскен кезде өзіңе қарату емес, олармен қарым-қатынас орнату керек екендігін көрсетті.
- Корпоративті мәдениеті күшті компанияларда ұсақ-түйек деген болмайды. Қарым-қатынас, ыңғайлы әрі жақсы жабдық, нақты фактілерге негізделген жұмыс берушінің оң имиджі, жүйенің ашықтығы, тимбилдинг шаралары, жақсы әлеуметтік жиынтық... әлемдік компаниялардың тәжірибелеріне сүйене отырып, осы тәрізді оң дүниелерді енгізуге тырысудамыз.
- Әрқайсымыз дұрыс өмір сүруге ұмтыламыз: жамандық жасамау, басқаларға қол ұшын беру, жақсы адам болу, ата-ана мен отбасын құрметтеу... Осы тізімге өзіңіз үшін маңызды нені қосар едіңіз?
- Дұрыс тәрбие беру. Мен әкеме шексіз ризамын, егер мен одан кеңес сұрасам, ұзақ уақыт бойы менің қасымнан шықпай, түсіндіріп, оқытып, айтып беретін. Қазір жастардың білімді ғаламтордан, жылтыр журналдар мен кинодан алатыны мені қынжылтады. Әрине, бүгінгінің жастары бізге қарағанда айтарлықтай білімді, бірақ оның арғы жағында түк жоқ, оны жанарларынан-ақ байқаймын, мені түсініп тұрған шығарсыз...
- Бетпе-бет кездескеніңіз үшін үлкен рақмет сізге Бақытжан Сисенғалиұлы. Үш сағат бойы сізбен сұхбаттасқанымды байқамай да қалыппын. Сұхбат беретін сіз секілді кейіпкерлер көп болса ғой, шіркін! Сізге, серіктестеріңіз бен әріптестеріңізге, компанияңызға табыс, береке, ең басты ойыңыздағының бәрін іске асыру үшін денсаулық тілеймін.
- Рақмет! «Директорлар кеңесінің» барша оқырман қауымына Антуан де Сент-Экзюперидің мынадай бір керемет пікіріне құлақ салыңыздар дер едім: «Жақсы кеме сатып алу үшін құрал-сайман мен жақсы сызбалардың болуы жеткіліксіз, ең бастысы – адамдарға теңізге деге сүйіспеншілікті үйрету, сонда олар өздері-ақ кеме құрастырып, жүзіп кетеді».
Өтеғалиев Бақытжан: Қолдан келмейтін іс жоқ.// Совет Директоров. №4 (58), 2011.
Сканерден өткізілген нұскасы: