Арнайы Олимпиадалық қозғалыс АҚШ президенті Дж. Кеннедидің әпкесі Юнис Кеннеди Шрайвердің бастамасымен 40 жыл бұрын пайда болды. 1957 жылы ол Джозеф Кеннедидің қорын басқарды. Қордың басты екі мақсаты бар: ақыл-ой кемістігінің себептерін анықтау арқылы одан қорғану жолын табу және қоғамның ақыл-есі кем азаматтарға деген қарым-қатынас тәсілдерін жақсарту.
Қозғалыс кеңінен қанат жая бастады. Алғашқы Халықаралық Арнайы Олимпиада Ойындары 1968 жылы АҚШ Иллинойс штаты Чикагодағы Солдат даласында өткізілді. Осы жыл СпешиалОлимпикс қозғалысының негізі қаланған жыл болып табылады.
Қазіргі таңда, 170 мемлекетте 3 миллионнан астам адам жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде 33 жазғы және қысқы спорттық олимпиада түрлері бойынша жаттығып жатыр.
Спешиал Олимпикс Қазақстан –жетімдер үйі мен түзету интернат мектептерінің 12560 тәрбиеленушілерін, үйдегі балаларды бір үлкен отбасына біріктірген ерекше спорттық мекеме. Барлық облыстарда 16 филиал құрылды, 18 жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша спорт секциялары жұмыс істейді, стадиондарда, бассейндерде, боулинг орталығында, ипподромда тегін жаттығулар ұйымдастырылды. Жыл сайын жергілікті, облыстық деңгейде турнирлер және Қазақстанның республикалық Арнайы Олимпиадасы өткізіледі. СпешиалОлимпикс Интернэшнл ережелерін сәйкес, атлеттердің бірде-біреуі жаттығу мен жарыстарға қатысуға ақша төлемейді, жаттықтырушылар мен төрешілер ерікті түрде жұмыс істейді.
1991 жылдан бастап құрама командалар Қазақстан туымен 10 Бүкіләлемдік Арнайы Олимпиада Ойындарына (БАОО) жемісті қатысып келеді. 261 спортшы әртүрлі 279 медаль жеңіп алды.
Спешиал Олимпикс Қазақстан атлеттері Еуропалық және Бүкіләлемдік Арнайы Олимпиада Ойындарында медальдарға қолдары жетіп, халықаралық қауымдастықтағы демократиялық қағидаттары мен әлеуметтік әділдігі дамып келе жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның беделін нығайтып отыр.